Қазақстан Республикасы азаматтарының міндеттері

Home / Қазақстан Республикасы азаматтарының міндеттері

ХАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҒЫ ЖӘНЕ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІ ТУРАЛЫ

Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шiлдедегi №360-VI ҚРЗ Кодексі

 

80-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының міндеттері

 

      Қазақстан Республикасының азаматтары:

      1) өз денсаулығын сақтаудың қамын жасауға, жеке және қоғамдық денсаулықты сақтау мен нығайтуға ортақ жауаптылықта болуға;

      2) “Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы” Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар төлеуге;

      3) профилактикалық медициналық қарап-тексерулерден, скринингтік зерттеулерден өтуге;

     4) медицина қызметкерлерінің жеке және қоғамдық денсаулыққа қатысты тағайындауларын орындауға;

      5) өз денсаулығын басқару процесіне, оның ішінде созылмалы аурулар бар болған кезде оларды басқару бағдарламаларына қатысуға, ауру мен оны емдеу әдістері, ықтимал тәуекелдер мен асқынулар туралы ақпарат алуға мүдделі болуға;

      6) медицина қызметкерлеріне өз организмінің жеке ерекшеліктері туралы хабарлауға;

     7) өз денсаулығы мен айналасындағылардың денсаулығын сақтау бойынша сақтық шараларын сақтауға, денсаулық сақтау субъектілерінің талап етуі бойынша зерттеп-қараудан және емделуден өтуге, медициналық персоналды айналасындағыларға қауіп төндіретін инфекциялық және өзге де ауруларының өздерінде бар екендігі туралы хабардар етуге;

      8) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын сақтауға міндетті.

     

АИТВ инфекциясын қоспағанда, айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын Қазақстан Республикасының азаматтары зерттеп-қараудан және емделуден жалтарған жағдайда, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мәжбүрлеу тәртібімен куәландыруға және емдеуге тартылады.

 

135-бап. Пациенттердің міндеттері

  1. Пациент осы Кодекстің 12-тарауындакөрсетілген міндеттерден басқа:

      1) өз денсаулығын сақтауға және нығайтуға шаралар қолдануға;

      2) медицина қызметкерлерімен қатынаста құрмет пен сабырлық танытуға;

      3) ауруға диагноз қою және оны емдеу үшін қажетті барлық ақпаратты дәрігерге хабарлауға; медициналық араласуға келісім бергеннен кейін медицина қызметкерлерінің тағайындауын мүлтіксіз орындауға;

      4) медициналық көмек алу кезінде медициналық ұйымның ішкі тәртіптеме қағидаларын сақтауға және мүлкіне ұқыпты қарауға, медицина персоналымен ынтымақтастықта болуға;

      5) диагностика мен емдеу процесінде, сондай-ақ айналадағыларға қауіп төндіретін аурулар не оларға күдік туындаған жағдайларда, өз денсаулығы жай-күйінің өзгерісі туралы медицина қызметкерлеріне уақтылы хабарлауға;

      6) басқа пациенттердің құқықтарын бұзатын әрекеттер жасамауға;

      7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.

     

  1. Пациенттердің осы баптың 1-тармағының 2), 3) және 5) тармақшаларында көрсетілген міндеттері стационарда ауру балаға күтімді тікелей жүзеге асыратын ата-анасына немесе өзге де адамдарға қолданылады.