Этикалық кодекс

Home / Этикалық кодекс

Медицина қызметкерінің кәсіби этика кодексі (бұдан әрі – Кодекс) медицина қызметкерінің кәсіби медициналық қызметті жүзеге асыруы кезінде басшылыққа алатын этикалық норма мен мінез-құлық қағидаттарының жиынтығын айқындайтын құжат болып табылады.

Осы Кодекс медицина қызметкерлері, қоғам және пациент арасындағы қатынасты айқындайды және жеке тұлғаның әрі тұтас қоғамның құқықтарын, қадір-қасиетін, денсаулығын қамтамасыз етуге бағытталған, сондай-ақ медицина қызметкерінің өз қызметі үшін қоғам алдындағы жоғары моральдық жауапкершілігін белгілейді.

Осы Кодексте медицина қызметкері деп жоғары және (немесе) орта арнаулы медициналық білімі бар мамандар түсініледі.

Адамның өмірі мен денсаулығы – басты, іргелі құндылықтар. Медицина қызметкерінің қызметі оларды ұрықтану сәтінен бастап сақтауға бағытталған және ол адамға ізгілікпен қарауды, оның тұлғасын құрметтеуді, жанашырлық пен ортақтастықты, ізгі ниетті, қайырымдылық пен мейірімдікті, төзімдікті, өзара сенімді, адалдық пен әділдікті талап етеді.

Осы Кодекс кәсіби қызмет аясы адамның перинаталдық және постнаталдық өмірі мен денсаулығын, оның дүниеге келуі мен өлімін қамтитын медицина қызметкерлерінің кәсіби қызметінде қолдануға арналған.

Миссия:

Біз, азаматтардың әлеуметтік жауапкершілігі мен ынтымақтастығын сезіне отырып, өз миссиямызды сапалы әрі қауіпсіз медициналық көмек көрсетуден көреміз.

ШЖҚ «№36 қалалық емхана» КМК халыққа сапалы медициналық көмек көрсету үшін бар күш-жігерімізді салады.

Мақсат:

Пациенттерге жеке көзқарас негізінде диагностика, емдеу және аурудың алдын алудың тиімдігін тұрақты түрде арттыру.

Ұйымның құндылықтар жүйесі

– Пациент – назардың өзегінде

– Қауіпсіздік

– Жауапкершілік

– Әріптестік

– Ашықтық

– Кәсібилік

 

Пациент – назардың өзегінде – жоғары сапалы қызмет көрсету үшін әрбір жеке пациенттің қажеттігін бағалау. Пациенттердің қадір-қасиеті мен тұлғасын құрметтеу.

Пациент қауіпсіздігі – сапалы перинаталдық көмектің аса маңызды құрамдас бөлігі. Оның мақсаты – емдеу барысында пациенттерге келтірілетін зиянды барынша азайту. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы медициналық көмектің сапасын медициналық қызметтің жеке адам мен халық топтарының денсаулыққа қатысты оң нәтижесін арттыру деңгейі және қазіргі кәсіби білімге сәйкестігі ретінде айқындайды.

Жауапкершілік – жарияланған қағидаттар мен жоғары стандарттарға адалдық, пациенттермен қарым-қатынаста да, ұжым ішінде де сенім мен адалдықтың жоғары деңгейін көрсету.

Әріптестік – тұрақты өзін-өзі талдау, ынтымақтастық, сондай-ақ жауапкершілік пен жұмыс көлемінің теңдігіне негізделген сенім жүйесін қалыптастыру.

Ашықтық – жеке және ұжымдық әрекетте адалдық пен әділдік қағидаттарын сақтау.

Кәсібилік – пациент пен ұжымның игілігі үшін жоғары нәтижеге қол жеткізу мақсатында өз білімін, мүмкіндігі мен тәжірибесін толық пайдалану, үздіксіз даму мен оқуға негізделу.

 

2-бөлім

 

Қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан көрсетілген ерекше сенімнің көрінісі болып табылады және емхана қызметкерлерінің адамгершілік пен моральдық-этикалық бейнесіне жоғары талаптар қояды.

Қоғам емхана қызметкері өз кәсіби қызметіне барлық күш-жігерін, білімін және тәжірибесін жұмсап, өз ісіне және өз Отаны – Қазақстан Республикасына адал әрі әділ қызмет етеді деп күтеді.

ШЖҚ «№36 қалалық емхана» КМК медицина қызметкері өз қызметінде Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау және медициналық көмек алу құқығы бөлігіндегі заңнамасын, дәрігер антын, гуманизм мен мейірімдік қағидаттарын басшылыққа алады.

 

Ұйым мамандары өз қызметінде:

  • Өз біліктілігіне, лауазымдық нұсқаулығына және қызметтік міндеттеріне сәйкес, қолда бар ресурс шегінде сапалы әрі қауіпсіз медициналық көмекті қамтамасыз ету үшін, соның ішінде моральдық жауапкершілік те арқалайды.
  • Жынысына, жасына, нәсілдік және ұлттық тиесілігіне, тұрғылықты жеріне, әлеуметтік мәртебесіне, діни және саяси көзқарасына, сондай-ақ медициналық емес өзге де факторға қарамастан, кез келген адамға медициналық көмек көрсетеді.
  • Өзінің кәсіби білімі мен іскерлігін, дағдысы мен таным көкжиегін үнемі жетілдіріп отырады.
  • Медицина қауымдастығының тазалығын сақтайды, әріптестерінің де, өзінің де қателігін әділ әрі бейтарап талдайды.
  • Пациенттердің денсаулығына зиян келтіретін адал емес және біліксіз әріптестердің, сондай-ақ түрлі кәсіби емес тұлғаның әрекетіне жол бермеуге тырысады.
  • Өз әрекетімен «№36 қалалық емхана» беделін нығайтады, оның мүддесін қорғайды, емхана қызметкері беделін түсіретін әрекетке жол бермейді.
  • Пациенттердің құқығы, бостандығы және заңды мүддесін сақтауды және қорғауды қамтамасыз етеді.
  • Қызметкерлер бірлігін және ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етеді.
  • Еңбек тәртібін қатаң сақтайды, қызметтік міндеттерін адал, бейтарап және сапалы орындайды, жұмыс уақытын тиімді пайдаланады.
  • Жоғары кәсіби деңгейде жұмыс істеу үшін барлық күш-жігерін салады, қойылған міндетті шешудің оңтайлы және үнемді тәсілін қолданады, сеніп тапсырылған мемлекеттік мүлікке ұқыпты қарайды.
  • Өз ісіне деген көзқарасымен және жеке мінез-құлқымен ұжымда тұрақты әрі жағымды моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыруға ықпал етеді.
  • Қызметтік міндетін орындау кезеңінде іскерлік киім үлгісін сақтайды.
  • Қоғамдағы медицина қызметкерінің рөлін ескере отырып, қоғамдық іс-шараны, әсіресе салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған іс-шараны қолдайды және мүмкіндігінше қатысады.
  • Медицина қызметкері қате жіберген жағдайда немесе оның әрекеті нәтижесінде күтпеген асқыну туындаса, ол бұл туралы пациентке, аға әріптесіне немесе бөлім басшысына, ал олар болмаған жағдайда өзі жұмыс істейтін ұйым әкімшілігіне хабарлауға және нұсқауды күтпей-ақ жағымсыз салдарды жоюға бағытталған әрекетті дереу қабылдауға міндетті. Қажет болған жағдайда басқа маманды тартып, оған қателіктің мәні немесе туындаған асқыну туралы адал түрде хабарлауы тиіс.
  • Жіберілген қателікті мұқият талдап, оны әріптестерімен және басшылықпен бірге талқылап, клиникалық тәжірибеде мұндай жағдайдың алдын алу мақсатында жұмыс жүргізуі тиіс.
  • Қызметтік міндетін орындау кезінде медицина қызметкері сергек болуы және тәуелдік тудыратын қандай да бір заттың әсерінде болмауы тиіс.
  • Басқа қызметкер тарапынан қызметтік этика нормасының бұзылуына жол бермеуге және оның алдын алуға міндетті.
  • Қызметтік ақпаратты жеке бас пайдасына пайдалануға жол бермейді.
  • Медицина қызметкері пациентті негізсіз тәуекелге ұшыратпауы, сондай-ақ өз білімін адамгершілікке жат мақсатта қолданбауы тиіс.
  • Шұғыл медициналық көмек көрсету жағдайын қоспағанда, дәрігер пациенттің жағдайын нашарлатпайтын шара қабылдауға міндетті бола отырып, егер өзі мен пациент арасында қажетті өзара сенім жоқ екеніне, өзін жеткілікті дәрежеде құзыретті сезінбейтініне немесе ем жүргізу үшін қажетті мүмкіндігі жоқ екеніне көз жеткізсе, пациентті емдеуден бас тартуға құқылы. Мұндай және осыған ұқсас жағдайда дәрігер тиісті денсаулық сақтау органын хабардар ету үшін барлық шараны қабылдап, пациентке білікті маманды ұсынуы тиіс.
  • Дәрігер пациенттің дәрігерді таңдау және емдеу-алдын алу шараларын қабылдауға қатысу құқығын құрметтеуі тиіс. Пациенттің емдеуге ерікті келісімін дәрігер, әдетте, пациентпен жеке әңгімелесу барысында алады. Бұл келісім саналы болуы тиіс, пациент емдеу әдісі, оны қолданудың салдары, соның ішінде ықтимал асқыну, сондай-ақ баламалы емдеу тәсілі туралы міндетті түрде хабардар етілуі қажет. Пациенттің келісімінсіз емдеу-диагностикалық шараны жүргізуге тек пациенттің өмірі мен денсаулығына қауіп төнген және оның жағдайды барабар бағалай алмау жағдайында ғана жол беріледі. Мұндай жағдайда шешімді алқалы түрде қабылдаған жөн. Психикалық аурумен ауыратын адамды емдеу кезінде дәрігер Қазақстан Республикасының заңнамасын басшылыққа алуы тиіс.
  • Баланы емдеу кезінде дәрігер оның ата-анасына немесе заңды өкіліне толық ақпарат беруге, белгілі бір емдеу әдісін немесе дәрілік затты қолдануға олардың келісімін алуға міндетті.
  • Өтінішті қарау кезінде бюрократия мен созбалаңға жол бермейді, белгіленген мерзімде қажетті шараны қабылдайды.
  • Өз әрекеті мен шешімі арқылы қоғам тарапынан негізді сынға себеп бермейді, сын үшін қудалауға жол бермейді, сынға төзімдік танытып, оны кемшілікті жою және кәсіби қызметін жетілдіру үшін пайдаланады.

 

Медицина қызметкеріне тыйым салынатын әрекеттер

Медицина қызметкерінің:

– өз білімі мен мүмкіндігін адамгершілікке жат мақсатта пайдалануға;

– жеткілікті негізсіз медициналық шараны қолдануға немесе оны көрсетуден бас тартуға;

– пациентке жаза қолдану мақсатында, сондай-ақ үшінші тұлға мүддесі үшін медициналық ықпал ету әдісін пайдалануға;

– пациентке өз философиялық, діни және саяси көзқарасын таңуға;

– пациентке әдейі де, немқұрайлық салдарынан да физикалық, моральдық немесе материалдық зиян келтіруге, сондай-ақ осындай зиян келтіретін үшінші тұлға әрекетіне бейжай қарауға құқығы жоқ.

– Медицина қызметкерінің жеке көзқарасы мен өзге де кәсіби емес уәжі диагноз қою мен емдеу үдерісіне әсер етпеуі тиіс.

– Пациенттің ұсынылған ақылы медициналық қызметтен бас тартуы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мемлекеттік кепілдік шеңберінде оған тегін көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімдігінің төмендеуіне, медициналық көмектің түрі мен көлемінің қысқаруына себеп бола алмайды.

– Пациенттерден және пациенттерге сыйлық беру аса құпталмайды, өйткені бұл сыйлық бермейтін немесе алмайтын пациенттерге көрсетілетін қамқорлық деңгейі төмен деген әсер қалдыруы мүмкін. Сыйлық қызмет көрсетудің орнына берілмеуі және қабылданбауы тиіс. Қолма-қол ақша немесе бағалы сыйлық түріндегі сыйлықты алуға тыйым салынады.

– Медицина қызметкері дәрілік препаратты тағайындағаны үшін дәрілік затты өндіруші немесе таратушы компаниядан көтермелеу қабылдамауы, медициналық ұйым аумағында компания логотипі немесе дәрілік препараттың, медициналық бұйымның сауда атауы бар затты пайдаланбауы тиіс.

– Медицина қызметкері өз лауазымдық жағдайын немесе пациенттің эмоциялық күйін пайдаланып, онымен мүліктік мәміле жасасуға, пациенттің еңбегін жеке мақсатта пайдалануға, сондай-ақ қорқытып алу мен парақорлыққа жол беруге құқығы жоқ.

– Медицина қызметкері емдеу курсын тағайындау кезінде қолданылатын дәрілік препарат, медициналық бұйым туралы пациентке жалған, толық емес немесе бұрмаланған ақпарат беруге, соның ішінде бағасы төмен дәрілік препарат пен медициналық бұйымның бар екені туралы ақпаратты жасыруға құқығы жоқ.

Кәсіби тәуелсіздік

– Медицина қызметкерінің құқығы әрі міндеті – өзінің кәсіби тәуелсіздігін сақтау.

– Жаңа туған нәрестеге және қарт адамға, әскери қызметші мен азаматтық тұлғаға, жоғары лауазымды басшыға және қамауда отырған адамға медициналық көмек көрсете отырып, медицина қызметкері кәсіби шешім үшін толық жауапкершілікті өзіне алады, сондықтан әкімшілік, пациент немесе өзге де тұлға тарапынан жасалатын кез келген қысым әрекетін қабылдамауға міндетті.

– Медицина қызметкері Қазақстан Республикасының заңнамасына, этикалық қағидаттарға және кәсіби борышына қайшы әрекетті талап ететін кез келген жеке немесе заңды тұлғамен ынтымақтастықтан бас тартуы тиіс.

– Сараптамаға, консилиумға, комиссияға, консультацияға және т.б. қатыса отырып, медицина қызметкері өз ұстанымын ашық әрі анық білдіруге, өз көзқарасын қорғауға, ал өзіне қысым көрсетілген жағдайда құқықтық және қоғамдық қорғау тетіктеріне жүгінуге міндетті.

 

Медицина қызметкері мен пациент арасындағы өзара қарым-қатынас

Пациенттің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу

Медицина қызметкері пациенттің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге, оған және оның жақындарына мұқият әрі сабырлы қарым-қатынас көрсетуге міндетті.

Пациентке дөрекі әрі адамгершілікке жат қатынас жасауға, оның адамдық қадір-қасиетін қорлауға, сондай-ақ медицина қызметкері тарапынан қандай да бір пациентке артықшылық көрсетуге немесе кемсітушілік танытуға жол берілмейді.

Пациенттің жағдайына алаңдаған туыстары мен жақындарының мазасыздығын түсіністікпен қабылдай отырып, медицина қызметкері кәсіби тұрғыдан жеткілікті негізсіз пациент пен оның отбасы мүшелерінің жеке ісіне араласпауы тиіс.

Медицина қызметкері медициналық көмекті пациенттің бостандығы мен қадір-қасиетін мүмкіндігінше шектемейтін жағдайда көрсетуі тиіс.

Пациент-қоғам, пациент-отбасы және осыған ұқсас мүдде қақтығысы туындаған жағдайда, медицина қызметкері, егер бұл пациенттің өзіне немесе айналасындағыларға тікелей зиян келтірмесе, пациенттің мүддесіне басымдық беруі тиіс.

Пациент медицина қызметкері өзіне қатысты барлық медициналық және сеніп тапсырылған жеке ақпараттың құпиялығын сақтайтынына сенім артуға құқылы. Медицина қызметкері пациенттің немесе оның заңды өкілінің рұқсатынсыз тексеру және емдеу барысында алынған мәліметті, соның ішінде медициналық көмекке жүгіну фактісін де жария етуге құқығы жоқ.

Медицина қызметкері медициналық құпияның жария етілуіне жол бермейтін шараны қабылдауға міндетті. Пациенттің қайтыс болуы медициналық құпияны сақтау міндетінен босатпайды. Медициналық құпияны жария етуге Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайда ғана жол беріледі.

Пациент өзінің денсаулық жағдайы туралы толық әрі жан-жақты ақпарат алуға құқылы, алайда ол бұл ақпараттан бас тартуға немесе денсаулығы туралы мәліметті хабарлауға болатын тұлғаны айқындауға құқылы.

Егер ақпарат пациентке елеулі зиян келтіруі мүмкін деп есептеуге жеткілікті негіз болса, ол пациенттен жасырылуы мүмкін. Алайда пациент табанды түрде талап еткен жағдайда, дәрігер оған толық ақпарат беруге міндетті. Егер болжам қолайсыз болса, пациентке бұл туралы әдеппен әрі абайлап хабарлау, өмірді жалғастыруға үміт қалдыру қажет.

Егер пациент саналы түрде келісімін білдіре алмаса, оны заңды өкілі немесе пациентке тұрақты түрде қамқорлық жасайтын тұлға білдіруі тиіс.

 

Дәрігерлік құпия

  1. Әрбір пациент жеке құпиясының сақталуына құқылы, ал дәрігер, сондай-ақ медициналық көмек көрсетуге қатысатын өзге де тұлға пациент қайтыс болғаннан кейін де, егер пациент өзге түрде өкім етпесе, медициналық көмекке жүгіну фактісін қоса алғанда, дәрігерлік құпияны сақтауға міндетті.
  2. Құпия пациенттің жүгінуі мен емделуі барысында алынған барлық мәліметке (диагноз, емдеу әдісі, болжам және т.б.) қолданылады.
  3. Пациент туралы медициналық ақпарат мына жағдайда ашылуы мүмкін:

– Пациенттің өзінен айқын білдірілген жазбаша келісімі болған жағдайда;

– Анықтау, тергеу, прокуратура және сот органдарының негізделген талабы бойынша;

– Құпияны сақтау пациенттің және (немесе) өзге тұлғаның өмірі мен денсаулығына елеулі қатер төндірген жағдайда (қауіпті жұқпалы ауру);

– Емдеуге басқа мамандар тартылған жағдайда, егер бұл ақпарат олар үшін кәсіби тұрғыдан қажет болса.

  1. Дәрігер пациентті емдеуге қатысатын барлық тұлғаның да кәсіби құпияны сақтауын қадағалауы тиіс.
  2. Медициналық ақпаратқа қол жеткізу құқығы бар тұлға пациент туралы алынған барлық мәліметтің құпиялығын сақтауға міндетті.
  3. Ғылыми зерттеу жүргізу, студенттерді оқыту және дәрігерлердің біліктілігін арттыру барысында дәрігерлік құпия сақталуы тиіс. Пациентті көрсету тек оның келісімімен ғана мүмкін.

 

Медицина қызметкерлері арасындағы өзара қарым-қатынас

Медицина қызметкерлері арасындағы қарым-қатынас өзара құрметке, сенімге негізделуі және пациенттің мүддесін сақтаумен ерекшеленуі тиіс.

Әріптестерімен қарым-қатынаста медицина қызметкері адал, әділ, ізгі ниетті, әдепті болуы, олардың білімі мен тәжірибесін құрметтеуі, сондай-ақ өз білімін және тәжірибесін риясыз түрде бөлісуге дайын болуы тиіс.

Басқа медицина қызметкеріне басшылық жасауға моральдық құқық жоғары кәсіби құзыреттік пен жоғары адамгершілік деңгейін талап етеді.

Әріптеске қатысты сын дәлелді және қорламайтын болуы тиіс. Сын тұлғаның өзіне емес, кәсіби әрекетке бағытталуы керек. Өз беделін әріптестерін қаралау арқылы нығайту әрекетіне жол берілмейді. Медицина қызметкері пациенттер мен олардың туыстарының қатысуымен әріптестері мен олардың жұмысы туралы жағымсыз пікір білдіруге құқығы жоқ.

Медицина қызметкері өмір бойы өзін емдеу өнеріне үйреткен жандарға құрмет пен алғыс сезімін сақтауы міндетті.

Медицина қызметкері әріптестеріне өзі қалай қарым-қатынас болғанын қаласа, солай қарым-қатынас жасауы ТИІС.

Медицина қызметкері басқа дәрігердің кәсіби біліктілігін көпшілік алдында күмәнға салуға немесе өзге де жолмен оны беделінен айыруға құқығы жоқ.

Ауыр клиникалық жағдайда дәрігерлер өз әріптестеріне дұрыс әрі әдепті түрде кеңес пен көмек көрсетуі тиіс. Емдеу үдерісіне толық жауапкершілікті тек емдеуші дәрігер көтереді, ол ұсынысты пациенттің мүддесін ғана басшылыққа ала отырып қабылдауы немесе қабылдамауы мүмкін. Дәрігер басқа әріптестерінен пациенттің өзіне ауысуына жағдай жасамауы тиіс.

 

Өлім алдында жатқан пациентке моральдық қолдау көрсету

Медицина қызметкері өлгелі жатқан пациенттің азабын барлық қолжетімді және заңды тәсілмен жеңілдетуге міндетті.

Медицина қызметкері пациенттің қалауы бойынша кез келген діни конфессия өкілінің рухани қолдауын пайдалану құқығын қамтамасыз етуге міндетті.

Осы Кодекс барлық медицина қызметкері үшін міндетті болып табылады.

Кәсіби этиканы бұзғаны үшін жауапкершілік деңгейін этикалық комитет айқындайды.

 

Дереккөз:

  • Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексі, 2006 жылғы 5 шілде.
  • Қазақстан Республикасы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексі, 2020 жылғы 7 шілде.
  • Қазақстан Республикасы Президенті «Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты қаулысы, 2008 жылғы 6 ақпан.
  • «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс кодексі» (мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этика қағидалары).
  • Дәрігерлік этиканың халықаралық кодексі, Хельсинки.